11 Ақпан 2020

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУ ЖАЛҒАСУДА

11-ақпан күні Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің еріктілері қайырымдылық эстафетасын Жамбыл медициналық колледжінің еріктілерінен қабыл алды.
Волонтерлар жылының «Қамқор» бастамасы аясында волонтерлар ардагерлерге, көмекке мұқтаж жандарға ерікті түрде көмек көрсететін болады.
Жыл басынан еріктілер болашақ маман ретінде қала тұрғындарына техникалық-тұрмыстық көмектер көрсетуде. Колледж еріктілері Тараз қаласындағы Қант зауыты аумағындағы Д.Нұрпейісова көшесінің бойындағы арықты күл-қоқыстан тазалап, №7 емхана қызметкерлеріне тұрғындарға міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру парақшаларын жеткізуге қолғабыс етті.
Бұлан бөлек білім мекемесінің «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандығының белсенді студенттері қаладағы №1 Қарттар үйіне өз қолдарымен пісірген ыстық нан-тоқаш өнімдерін ұсынды.
Жас буынның қайырымдылыққа бет бұрғанына тұрғындар ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Жүйелі жұмыстар жүргізу – жастардың басты қағидасына айналды. Колледждің 100-ден аса ерікті жастары өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, отандастарымыздың әлеуметтік жағдайларын оңалту жұмыстарына өздерінің пайдасын тигізуде.