29 Қараша 2018

ПЕДАГОГТАР ШЕТЕЛДІК ӘРІПТЕСІМЕН ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

28 қараша күні Ақыл-ойы дамуында кемістігі бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында «Рухани жаңғыру – жарқын жол!» тақырыбында өткен семинарға Литва мемлекетінің Вильнюс қаласындағы Витаутас Великий атындағы университетінің профессоры, педагогика ғылымының докторы Алдона Вилкелене арнайы қатысып, іс-тәжірибесімен бөлісті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен семинарға аудандардағы ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін педагогтар, аудандық және қалалық ПМПК мамандары қатысты.
Арнайы білім мен тәрбиені қажет ететін оқушыларға ең бастысы елін, жерін, тілін, дінін, отбасын сүюді, ата салтын жалғастыруды үйрете отырып, әлеуметтік өмірдің жаңа бағыттағы қарама-қайшылық жағдайларына бейімдеу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында педагогтар жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру туралы ойларымен бөлісті.
Арнайы мектеп-интернатында география, тарих пәндерінің мұғалімдері сабақтарында туған өлкенің қалыптасуы мен дамуы, географиялық, тарихи, мәдени, табиғаты туралы білім беріп, туған өлкеге деген патриоттық сезімін, патриотизмді, қоршаған табиғатқа ұқыппен қарауға тәрбиеледі.
Семинар соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оқушылар қонақтарға өз өнерлерін көрсетті.