6 Желтоқсан 2018

ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНЫҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ ӨТТІ

Кеше облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы №5 мектеп-гимназиясында ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті.
Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына, бәсекеге қабілетті болуына айрықша көңіл бөлінуде. Олардың ғылыми-зерттеу, оқу-танымдық және зияткерлік қабілеттерін арттыруға арналған байқаулар да жыл сайын ұйымдастырылуда. Жарыстарға жамбылдық оқушылар да белсенді түрде қатысып келеді. 
Облыс орталығында өткен кезекті ғылыми жобалар сайысында өңірдің 9-11 сынып оқушылары ерекше жұмыстарын ұсынып, оқу-білімге құштар екендіктерін тағы да дәлелдеді. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқауға бұл жолы облыс мектептерінен 316 оқушының 266 жобасы келіп түскен.
Байқаудың іріктеу кезеңінде жобалар 16 секция бойынша қабылданды. Ұсынылған жобалар сан алуан әрі қызықты. Жұмыстардың көпшілігі тарихи өлкетану, әдебиет, тарих тақырыбын қамтиды. Сондай-ақ, роботты техника бағытында да ерекше жобалар бар.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды 20 оқушы, ІІ орынды 36 оқушы және ІІІ орынды 65 оқушы иеленді. Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, 14 желтоқсан күні жеңімпаз оқушылар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде бейіндік пәннен қашықтықтан тест тапсырады.